Павлодар қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Поддубный 101 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ол – Ресейдің Новосібір облысының тумасы. 1942 жылы қолөнер мектебін бітірген соң әскерге шақырылып, Омбы қаласындағы танк мектебінде оқыды. 1943 жылы майданға аттанды. Солтүстік-батыс және Украина майдандарында соғысты. Жеке атқыштар батальоны құрамында диверсант қызметін атқарып, қарсыластардың әскери техникасы мен қару-жарағын жоюға қатысты. Бірнеше рет жау тылына жасырын кіріп, жанар-жағармай және басқа да мүліктер сақталған қоймаларды жойғаны да бар.
Майдангер жеңісті Германияның Баутцен қаласында қарсы алды. 1946 жылы запасқа шығарылып, Новосібір қаласына оралып, қалайы комбинатында жұмыс істеді. Құрметті демалысқа шыққан соң Павлодар қаласына қоныс аударып, 30 жыл аралығында аймақ жастарын әскери-патриоттық тәрбиелеуге үлес қосты.
Жауынгерлік ерліктері үшін "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен, Кеңес Одағының маршалы "Жуков" орденімен, "Отан соғысы" орденімен, мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Ұлы Отан соғысының ардагерін ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне аймақ басшысы Асайын Байханов, ардагердің туыстары мен жақындары қатысып, бейбіт күнді сыйлаған батыр ерлігі ұмытпайтынын айтты.
Айта кетейік, Павлодар облысында енді Ұлы Отан соғысының 6 ардагері тұрады. Жеңістің 80 жылдығына орай олардың әрқайсысына 5 млн теңгеден берілмек. Сондай-ақ, соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлер, басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін, Ленинградты қорғаған азаматтарға 60 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін, тыл еңбеккерлеріне 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақшалай төлем жасалады. Павлодар өңірінде мұндай төлем 3700 адамға қарастырылған.