Нәтижесінде жалпы салмағы 308 келіден асатын, ерекше ірі мөлшерге жататын кептірілген марихуана есірткі заты тәркіленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ірі жасырын қойма гараж кооперативтерінің бірінен анықталды. Жедел қызметкерлер сұр-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған 13 қапты тауып, тәркіледі. Күдікті жасырын орнын өзі көрсеткен.
– Тәркіленген зат бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Полиция ескертеді: есірткі сатудан "жеңіл ақша" болмайды, заңсыз есірткі айналымына қатысу – ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыруға апарар жол.
– Қазіргі заманауи жедел әдістер ұйымдастырушыларды да, қатардағы орындаушыларды – буып-түюшілерді де, мессенджерлер мен криптоәмияндар қолданылғанына қарамастан, анықтауға мүмкіндік береді. Есіңізде болсын, есірткі тасымалдаушының орташа жұмыс мерзімі ұсталғанға дейін бірнеше аптадан екі айға дейін ғана созылады. Оңай пайда табуға деген құмарлықтың соңы – бұзылған тағдырлар мен темір тордың ар жағындағы ұзақ жылдар, – деп атап өтті полиция ведомствосы.
Қылмыстық бизнеске араласып кетпеңіз. Күдікті тұлғалар немесе "жасырын орындар" туралы 102 нөміріне хабарлаңыз.