Полиция жыл басынан бері түрлі қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 77 адамның тұрған жерін анықтап, оларды жауапқа тартты.
Павлодар облысында із-түзсіз жоғалғандар мен қылмыстық жауапкершіліктен бой тасалаған азаматтарды іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Заңнан жалтарғандар жазадан құтылуға тырысқанымен, жедел уәкілдер оларды анықтау үшін арнайы алгоритмдер мен бағдарламаларды қолданып, нәтижелі жұмыс атқаруда.
– Полиция қызметінің тиімділігінде қызметкерлердің мұқияттылығы мен қырағылығы шешуші рөл атқарады. Ұзақ уақыт бойы ақпарат жинап, әр нұсқаны мұқият тексерудің нәтижесінде қылмыскер жасаған ісі үшін бәрібір жауап береді, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.
Жедел уәкілдер Павлодар қаласындағы Майра көшесіндегі үйдің ауласында 2024 жылдың қазан айынан бері тергеуден жасырынған ер адамды қолға түсірді. Ол облыс аумағында бұзақылық жасағаны үшін іздеуде болған.