Павлодар облысында кадрлық өзгерістер болды

1171

Павлодар облысында кадрлық өзгерістер болды

Павлодар облысының әкімі сәулет және қала құрылысы басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға Нұрлан Қақамбетов тағайындалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Сіздің негізгі міндетіңіз – елді мекендердің аумақтарын дамытуды бас жоспарға сәйкес кешенді және жоспарлы түрде жүргізу, қалалар мен аудан орталықтарының сәулет келбетін жақсарту болып табылады, – деді аймақ басшысы Болат Бақауов аппарат кеңесі кезінде. – Сонымен қатар, демалыс орындары мен туристік аймақтарды дамытуымыз қажет. Біз Сізден тың ұсыныстар күтеміз".

Нұрлан Қақамбетов Павлодар облысында дүниеге келген. 1985 жылы Алматы қаласындағы сәулет-құрылыс институтын "Сәулет" мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақстан дизайнерлер Одағының мүшесі. Еңбек жолын 1985 жылы "Казсевсельпроект" мемлекеттік жобалау институтында бастады. 2005-2016 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Тұран университетінің күрделі құрылыс департаментінің директоры болып қызмет атқарды.

Сонымен қатар, облыс әкімі "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Павлодар облыстық филиалының жаңа басшысы Қайрат Кәрібаевты таныстырды.

"ҚазАвтоЖол" бюджетінің 40 пайызы Павлодар облысына бағытталған. Бұл 75 миллиард теңгені құрайды, - деді Болат Бақауов жаңа басшыға. – Сіз республикалық маңызы бар "Орталық-Шығыс" автожолының Павлодар облысындағы тармағының барысы мен сапасын бақылауда ұстап, барлық жұмыстарды жоспарланған уақытта аяқтауыңыз керек.

Ұлттық компания филиалының бұрынғы басшысы Ерсін Сариев басқа жұмысқа ауысты. Ол аймақта үш жылдан астам жұмыс істеген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу