Павлодар облысында прокуратура органдары мемлекетке қайтарған қаражат есебінен 13 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобалар тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, Ақсу қаласындағы сумен жабдықтау желілері жаңғыртылды. Баянауыл ауданының Шоманкөл және Шонай ауылдарында су құбырлары салынды. Сонымен қатар Ертіс ауданының Ленин ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды.
Екібастұз қаласына қарасты Байет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Күркөл, Мыңкөл және Ивановка ауылдарында медициналық пункттер салынды.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласындағы шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.
Жобалардың іске асуы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде мыңдаған отбасының тұрмыс жағдайы жақсарды.
Қазіргі таңда әлеуметтік нысандардың барлығы пайдалануға беріліп, өңір тұрғындарына қызмет көрсетіп жатыр.