Жыл сайын елді мекендерге қауіп төндіретін еріген қар суы бұдан былай егіншілік жерлер мен шабындықтарды суаруға бағытталмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл әдіс тіршілік нәрін үнемдеуге және су қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Көктемгі су тасқынына қарсы дайындық биыл ерте басталды. Қазірге дейін шамамен 30 шақырым қорғаныс бөгеттері нығайтылып, 30-ға жуық су өткізу құбыры жөнделген. Арықтар тазартылды. Бұл жұмыстар су басу қаупі жоғары ауылдарда жүргізілді.
Баянауыл ауданында атқарылып жатқан ауқымды жобаға қазынадан 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Баянауыл ауданында лиманды суландыруға арналған гидромелиорациялық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Көктемде жүйе еріген қар суын қажетті арнаға бағыттайды. Өңірдегі су басу қаупі ең жоғары аймақ – Баянауыл.
Мамандардың есептеуінше, жаңа жүйе 17 елді мекенде тасқын зардабын азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
"Қарағанды облысы аумағында Ақжар мен Қаратоқа бөгеттері орналасқан. Көктемде бұл бөгеттерден асқан су біздің облысымызға жетіп, Ашысу мен Қарасу өзендерін толтырады. Өзендер арнасынан асқанда елді мекендерге тасқын судан қауіп төнеді", – деді Павлодар облысы ТЖД басқарма басшысы Шәкір Ахметов.
Су тасқынының алдын алудан бөлек, бұл жүйенің тағы бір маңызды қызметі бар. 3 мың гектардан астам лиманды суландыру жүйесі қалпына келтіріледі. Демек еріген қар суын ауыл шаруашылығында тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.