Павлодар облысында қарғын судан зардап шеккендердің шығыны есептеле бастады

Су кірген кейбір үйлердің тұрғындарын эвакуациялауға тура келді.  

Павлодар облысында қарғын судан зардап шеккендердің шығыны есептеле бастады Фото: Валерий Бугаев

Соңғы төрт тәулік бойы өңірде су  тасқынына қарсы шаралар күшейтілді. Соған қарамастан кейбір үйлерге су кіріп, қиындық тудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Атап айтқанда, еріген қар суы мен жаңбыр суы аймақтағы 18 баспананы басты. Оларда барлығы 88 адам тұрады. Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылындағы екі отбасыны басқа жерге көшірілді. Жергілікті билік балабақша, мектептерде эвакуациялық пункт ашуға бейілді болғанымен, мұндағы 9 адам туыстарының үйінде тұруды жөн көрді.

Қазіргі уақытта 8 үйден су шығарылды. Ақтоғай және Успен аудандарындағы тағы 10 үйде жұмыстар жалғасуда. Жалпы, Ақсу қаласында, Ақтоғай, Успен, Ертіс, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында су тасқынына қарсы 10 учаске бақылауда тұр. Сондай-ақ, су шайым кеткен республикалық бір және жергілікті маңыздағы екі жолда жұмыстар жүргізілуде. 

Бүгін арнайы комиссия су басқан барлық үйге келтірілген залалды бағалау жұмыстарына кірісті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша зардап шеккендерге облыс бюджетінің резервінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен көмек көрсетілетін болады.

Айта кетейік, су тасқынына қарсы іс-шараларға 399 адам, 130 техника, 44 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін 1,7 млн текше метрден астам еріген су сорылып, 7,5 мың тонна инертті материал төгілді және 8 мыңнан астам қапшық салынды.

"Жердің қатты қалуы салдарынан еріген қар суы сіңбей, қиындық тудырғаны рас. Ақмола облысынан да су келіп жатыр. Ол жылдағы көлемнен көп, сондықтан басқа да учаскелерге қауіп тудыруы мүмкін. Оның алдын алу үшін барлық күш тасқынға қарсы шараларға жұмылдырылды. Әзірге өңірдегі мамандар жеткілікті, басқа аймақтардан қосымша көмек керек емес", - дейді Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещев. 

Сала мамандарына Ұлттық ұлан сарбаздары да қолғабыс етіп жатыр. 5512 әскери бөлімінің 50-ден астам сарбазы Ақтоғай ауданындағы қауіптің бетін сейілтуге көмектесуде. Олар Шолақсор ауылына су кірмес үшін бөгеттер жасап, өзен арнасынан асқан суды бұруға барын салуда. 

Еріктілер де қалысып жатқан жоқ. "Күшіміз – бірлікте!" республикалық акциясы аясында Жастар бастамаларын дамыту орталығы, "Жасыл ел" штабы және Павлодар облысының "Жастар рухы" жастар қанатының еріктілері судан зардап шеккен тұрғындар мен құтқарушыларға ыстық тағам дайындап, керек-жарақпен қамтуда. Облыстағы депутаттар мен кәсіпкерлер де барынша көмек көрсетіп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу