Павлодар облысында картоптың шекті бағасы белгіленді

Өнімнің келісі қоймалардан 100 теңгеден босатылуы тиіс.

Павлодар облысында картоптың шекті бағасы белгіленді Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімдігі 36 шаруашылық басшысымен жергілікті нарықты картоп және сәбізбен қамтамасыз ету жөнінде меморандум жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысы – республика көлемінде картоптың мол көлемін өсіретін өңір. Биыл да шаруалар 700 мың тоннадан астам өнім алды. Бұл былтырғы көлемнен 20%-ға көп. Ал облыс тұрғындарының жалпы сұранысы 100 мың тоннаны құрайды. Қалғаны басқа өңірлер мен шет мемлекеттерге сатылып жатады.

Бірақ алдымен ішкі нарықты қолжетімді бағадағы картоппен қамтамасыз ету үшін жергілікті билік пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өзара уағдаласып, сауда орындарын қолжетімді бағадағы сапалы өніммен қамтуға келісті.

"Картоп өсіруді дамыту үшін облыста мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары қолданылуда. Былтыр өңір тұрғындарының көкөніс сапасына көңілі толмаған. Сол себепті тауарлардың тұрақты бағалары мен жоғары сапасын қамтамасыз ету керек. Бұл үшін облыста қажетті көлемдегі қоймалар бар", - деді өңірдің әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Меморандумға сәйкес, шаруалар келесі жылдың көктеміне дейін өз қоймаларында 20 мың тонна картоп пен 5 мың тонна сәбізді сақтауға міндеттеледі. Кейін бұл көкөніс түрлерін әлеуметтік сауда орындарына сатады. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов көкөніс қоймаларынан босатылатын картоптың сатып алу бағасы 100 теңге деп белгілеуді тапсырды.

Меморандумға қол қойған 36 шаруашылықтың барлығы – мемлекеттік қолдауға ие кәсіпкерлер. Мысалы, 2010-2022 жылдары өңірде суармалы алқаптардағы инженерлік желілердің құрылысына бюджеттен 20 млрд теңге бағытталған. Биыл 360 млн теңгеге 5 мың тонна шамасындағы картоп тұқымын сатып алу субсидияланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу