Соңғы күндері Павлодар облысының аумағында ауа райы құбылмалы болып тұр. Күні кеше ауа температурасы 0°C көрсетсе, ертең сынап бағанасы -38°C градусқа дейін төмендейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті "Қазгидромет" филиалының хабарлауынша, Жаңа Жер ауданынан Қазақстанға қарай суық антициклон келе жатыр. Ол алдымен елдің солтүстік өңірлерінде, кейін барлық аймағында ауа температурасының күрт төмендеуіне әсер етеді.
Айталық, бүгін Павлодар облысында сынап бағанасы -18-23°C-қа дейін түссе, ертең тіпті -30-35°C, -38°C болады деп күтілуде. Сондықтан өңірде қауіпсіздік шаралары бірден күшейтілді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шұғыл түрде жиын өткізіп, салалық басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне күштер мен құралдардың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл ретте бірінші кезекте автокөлік жолдарын уақытылы тазалау мен күтіп-ұстауды ұйымдастыру, жылыту пункттерінің дайындығын тексеру қажет. Коммуналдық қызметтер тәулік бойғы кезекшілікке көшіріледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау да жүктелді.
"Ауа райы жағдайы тұрақталғанға дейін жаппай мәдени және спорттық іс-шараларды кейінге қалдыру немесе тоқтату, облыс аумағынан тыс жерлерге жолға шығуды шектеу туралы шешім қабылданды. Ал денсаулық сақтау басқармасы жарақат алу жағдайларының көбеюі мүмкін екендігін ескере отырып, травматологиялық пункттердің дайындығын қамтамасыз ету қажет. Мектептер мен колледждер бойынша ауа райы жағдайының өзгеруіне байланысты жедел әрекет ету керек. Қашықтан оқытуға көшіру туралы барлық шешімдер алдын ала қабылданып, ата-аналарды міндетті түрде хабардар етуі тиіс", – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, тұрғындарды қауіпсіздік шаралары және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.