Павлодар облысында қатты желден бірқатар нысан шатырсыз қалды

669

Павлодар облысында қатты желден бірқатар нысан шатырсыз қалды

Павлодар облысының Железин, Качир және Ақтоғай аудандарында қатты соққан жел ғимараттардың төбелеріне зақым келтірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД  баспасөз қызметінің  мәліметінше, қатты соққан жел салдарынан Железин ауданында №2 мектептің шатыры ұшып кеткен.  

"Качир ауданының Тереңкөл ауылында "Ростик и Компания" дүкенінің 355 шаршы метр шатырын  жұлып әкетті. Ал Ақтоғай ауданында "Ақтоғай Агро" ЖШС жөндеу цехының 168 шаршы метр төбесі ұшып,  қасында тұрған екі автокөлікке түскен. Абырой болғанда, аудандарда зардап шеккен адам жоқ", - деді  департаменттен.

Аталған аудандарда желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен.

Естеріңізге сала кетейік, кеше "Қазгидромет" РМК Павлодар облысы бойынша филиалы дабылды ескерту жариялады. Облыс бойынша 23-мамыр күні тәулік бойы және 24-мамырда  түнде батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20  метрге, 23-мамырда  тәулік бойы секундына 23-28 метрге жетеді  деп хабарланған болатын. 24-мамырда түнде кей жерлерде сынап бағаны -1-3 градусқа дейін төмендейді.

Синоптиктер қолайсыз ауа райына байланысты тұрғындардан сақтық танытуды және балаларды далаға жалғыз шығармауды ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу