Павлодар облысында қатты желдің салдарынан 117 ауыл жарықсыз қалды

Олардың жартысы желіге қайта қосылды. 

Павлодар облысында қатты желдің салдарынан 117 ауыл жарықсыз қалды Фото: Константин Шелков

Кеше кешкісін өңірде басталған қатты жел біраз нысанға зиянын келтірмей қоймады. Өңірдегі елді мекендерде электр желілері үзіліп, біразы қараңғы түнекте қалып қойды. Енді жарық жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған күні өңірдегі желдің жылдамдығы секундына 37 метрге дейін жетті. Соның салдарынан облыс орталығында 52 млн теңгеге қойылған шырша құлап қалған еді.

Сонымен қатар, 117 ауылда электр қуаты өшіп қалды. Бүгін сағат 11.00-дегі жағдай бойынша 69 елді мекенде жарық қайта қалпына келтіріліп, тұрғындар электр энергиясын пайдалана алатын болды. Ал 8 ауданда жұмыстар әлі жалғасып жатыр. 

"Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларына қарасты 48 елді мекенде әзірше жарық жоқ. Соның салдарынан 4040 абонент электр қуатынсыз қалып отыр. Авариялық өшірулерді жоюмен 56 жөндеу бригадасы айналысуда. Жұмыстарға барлығы 168 адам және 56 техника жұмылдырылды", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығы салдарынан Ақсу қаласы мен Аққулы, Май аудандарында барлығы бес мектептің шатырлары ұшып кетті. Қазіргі уақытта келтірілген залал есептелуде. Содан соң мердігерлік ұйымдар анықталып, нысандар қалпына келтіріледі. 

Еске сала кетсек, былтыр 18-19 қарашада  да Павлодар облысының аумағында дәл осындай 37 м/с екпінмен қатты жел болып, соның салдарынан 3 қала мен 6 аудандағы 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі және 84 жеке тұрғын үй зардап шеккен болатын. Сол тұста да 117 ауыл жарықсыз қалған-ды. Жұмыстарды реттеп, шығындардың көлемін толтыру үшін жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал бұл жолы әзірше мұндай жағдай енгізілген жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу