Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті бұзған 870 адам ұсталды

1106

Олардың қатарында шетелдің 4 азаматы бар.

Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті бұзған 870 адам ұсталды

5 қаңтар күні Павлодар облысы әкімдігінің алдында санкцияланбаған митинг өтті. Сол наразылық шеруіне қатысқан азаматтар жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысының коменданты Нұрлан Мәсімовтің айтуынша, құқық қорғаушылар 870 тәртіп бұзушыны ұстап, полиция бөлімдеріне жеткізді. Әрқайсысына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 488-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар, санкцияланбаған митингке қатысқан 4 шетелдік азамат та әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Нәтижесінде 220 тәртіп бұзушы 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынды. Тағы 288 тәртіп бұзушының әрқайсысына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал шетел азаматтары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылды", - деп хабарлады Нұрлан Мәсімов.

Қазіргі таңда жергілікті полиция бейнежазбаларды зерделеуде. Сол жазбаларда көрінген, орталық алаңда белсенділік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға қатысты материалдар да сотқа жолданды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сонымен қатар, коменданттық сағат жағдайын бұзған 659 азамат пен 294 автоқөлік ұсталды. Әрқайсысына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік Қодексының 476-бабы бойынша әкімшілік өндірістер қозғалды. Материалдар сотқа жіберілді. Автокөліктер айыппұл тұрақтарына қойылды.

Айта кетейік, соңғы тәулік ішінде Павлодар қаласының аумағында қойылған екі блок-бекет арқылы барлығы 6213 автокөлік пен 10 166 азамат өтті. Жүріп-тұруға рұқсат болмағандықтан, 39 автокөлік мен 88 азаматқа кіру мен шығуға тыйым салынды.

Ажар Дәулетова

Фото: Константин Шелков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу