Павлодар облысында көктайғаққа қарсы себілген материалдар жарамсыз болып шықты

Сынамалардың үштен бір бөлігі сапаға сай емес.  

Павлодар облысында көктайғаққа қарсы себілген материалдар жарамсыз болып шықты Фото: google

Соңғы күндері Павлодар облысында ауа райы құбылып, жолдың барлығы көктайғаққа айналды. Жайсыз жағдайлардың алдын алу үшін жол үстіне көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Осы қыста жол-құрылыс материалдарынан 60 сынама алған Жол сапасы ұлттық активтерінің облыстық филиалы қоспалардың сапасыз екенін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, 20 сынама нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Олардың құрамындағы тұздың көлемі аз болып шықты. 

"Біздің мамандар жолға жүйелі түрде шығып, сынамаларды тексеріп, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды сүзгіден өткізеді. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы кейбір істер көңіл көншітпейді. Мысалы, көктайғаққа қарсы себілген қоспалардың құрамы талапқа сай емес", - деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі. 

Бұл ретте облыстағы қауіпті аймақтардың бірі – Астана-Ерейментау-Шідерті бағыты. Боран болса, көліктер қар құрсауында қалып, көктайғақта жүруі қиындайды. Бүгінде мұнда 26 шақырымдық қар бөгеу қоршаулары қойылды. Мамандар соның есебінен апаттың алдын алуға бейілді. 

Өңірдегі кейбір аудан әкімдіктерінің әлі күнге дейін қар тазалау жұмыстарына білек сыбана кіріспеуі тіпті қисынға келмейді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің сөзінше, Железин, Баянауыл, Павлодар, Ертіс, Успен, Шарбақты, Тереңкөл және Аққулы аудандарында жауын-шашын мен қардың нормадан асып кеткеніне қарамастан, қар тазалау жұмыстары мүлде басталған жоқ.

"Тексеру нәтижелері бойынша облыс орталықтарынан басқа шалғай елді мекендердің барлығында қар тазалау және шығару жұмыстары жүргізілмейтіні немесе тиісті деңгейде атқарылмағаны анықталды. Бұл су тасқыны кезеңін қиындатуы және одан әрі ушықтыруы мүмкін", - деді Жасұлан Жұмашев.

Ол аздай Ақтоғай және Баянауыл аудандарындағы арнайы техникалар қарды тазалау және шығару үшін пайдаланылмаған көрінеді. 

"Екі аудандағы техникалар ашық тұрақтарда сақталған, бұл техникалардың тез тозуына әкеп соғуы мүмкін. Баянауыл ауданында броньсыз бульдозер бар, ол ешқандай жұмыс түріне тартылмайды, жұмыс істемейді. Ақтоғай және Баянауыл аудандарының әкімдіктері техникаларды жылытылатын бокстарға орналастыру мәселесін шешіп, кейіннен қарды тазалау және шығару үшін техниканы пайдалануы қажет", – деді департамент бастығы. 

Бұл мәселеге облыс әкімі Асайын Байханов та назар аударып, барлық қала, аудан әкімдеріне елді мекендерді қардан тазарту жұмыстарын мықтап ұйымдастыруды тапсырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу