Солтүстік-шығыстағы Павлодар облысында көктемгі егіс жұмыстарына әзірлік басталды. Жердің тоңы жіби қоймаса да шаруалар әзірлікке білек сыбана кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биыл өңірдегі егіс алқабы 101,3 мың гектарға көбеймек. Сөйтіп, 1 665,6 мың гектарға тұқым себу жоспарланып отыр. Бұл ретте дәнді, майлы және жем-шөп дақылдарының алқаптары ұлғаймақ. Ол үшін осы уақытқа дейін 179 мың гектар жер бумен өңделіп, 235 мың гектар жер жыртылды. Алқаптарды әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар көлемі 25,9 мың гектарға, қарақұмық дақылдарын 5,3 мың гектарға арттыру көзделіп отыр.
"Негізгі міндеттердің бірі – қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемін одан әрі арттыру. Осы көктемгі егіс науқанында тіркеме және аспа құралдары бар барлық модификациялы 3 255 трактор, 1 814 соқа, 1 046 қопсытқыш, барлық түрдегі 4591 тырма, 3760 дән сепкіш және 261 егіс кешені жұмылдырылатын болады", – деп түсіндірді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжанов.
Айта кетейік, өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 27,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл көлем өткен жылдан 1,9 мың тоннаға артық. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының құны тоннасына 291 мың теңгені немесе литріне 244 теңгені құрады. Ал бұл нарықтағы бағадан 51 теңгеге арзан.
Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге субсидиялар бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін "Бәйтерек" ҰБХ АҚ құрылымдық бөлімшелері несиелеуге 48,6 млрд теңге қарастырды. Ал "Кең Дала 2" бағдарламасы бойынша несиелеуге шамамен 13,5 млрд теңге бөлінеді.