Павлодар облысының сотында Шарбақты ауданының тұрғынына қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы жылдың қаңтарында Chevrolet Cobalt көлігін тізгіндеген келіншекті тәртіп сақшылары тоқтатқан. Тексеріс кезінде әйелдің мас күйде көлік жүргізіп келе жатқаны анықталды.
"Сот отырысында келіншек кешкі сағат 20:00 шамасында үйінде 3 стақан коньяк ішіп, сосын балмұздақ алып келу үшін көлікке отырғанын айтты. Кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Сотта көлік жүргізу құқығынан айырмауды сұраған", – деді Шарбақты аудандық соты.
Сот оны кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамады. Сондай-ақ, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енді.