Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді, яғни шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы жылдың 6 айында Павлодар облысында 332 адамның Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққаны тіркелді. Соның ішінде 328 адам басқа мемлекеттің азаматтығын алғанын өз еркімен хабарлаған.
– Басқа мемлекеттің азаматтығы бола тұра, Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланғаны үшін 12 азамат анықталды.
Сонымен қатар 18 құқық бұзушы басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, 2022 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдап, Ресей төлқұжатын алған әйелді анықтады. Алайда ол бұл деректі жасырған және Қазақстан құжаттарын заңсыз пайдаланған.