Құқық қорғау органдары жақында көрші мемлекеттің азаматтығын да иеленген Қазақстан Республикасының азаматын анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Азаматтығын ауыстырған әйел бұл туралы көші-қон қызметіне немесе еліміздің дипломатиялық өкілдіктеріне хабарламаған.
– Шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін әйел жауапкершілікке тартылды. Шарбақты аудандық сотының шешімімен ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылып, еліміздің аумағынан шығарылды, сондай-ақ оған Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері өңірде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін 5 азамат жауапкершілікке тартылған. Олардың екеуі сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылып, елге кіруге тыйым салынды.
Заң бұзған тұлғалар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауапқа тартылады.