Павлодар облысында көшеттер отырғызуға 777 млн теңге бөлінеді

1426

Облыс орталығында жасыл желектің интерактивті картасы жасалды.

Павлодар облысында көшеттер отырғызуға 777 млн теңге бөлінеді

Павлодар қаласында көшеттер отырғызу, ағаштарды күтіп-ұстау мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті болып тұр. Себебі жергілікті билік қалада қанша ағаштың барын, олардың қандай жағдайда екенін білген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сондықтан Павлодар қаласының әкімдігі, "ТЕХНОSTYLE" компаниясы мен биологтар "Е-дендра" деп аталатын бағдарламаны әзірледі. Ол демеушілердің қаржысы есебінен дайындалды. Ал ай сайынғы қызмет көрсету үшін бюджеттен 2,5 млн теңге бөлінеді.

Жоба авторы Сергей Голышевтің айтуынша, интерактивті картадағы ағаштарға қатысты мәлімет күн сайын жаңарып отырады.

"Мердігер компания күн сайын ағаштарға күтіп жасауы керек. Сол себепті олардың әрекеттері қатаң бақыланады. Алдағы уақытта бағдарламаға жасыл желек саны, олардың жағдайына қатысты ақпаратпен қатар топырақтың құнарлығы, жер астынан коммуникалық желілердің жүргізілуі туралы мәлімет енгізу жоспарда бар. Бұл қай жерде қандай көшетті отырғызу тиімді болатынын көрсетеді", – деді Сергей Голышев.

Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың пайымынша, талдарды адамдар көп жүретін жерлерде егу керек. Ал бұған дейін тек санитарлық қорғау аймақтарында отырғызылып келеді.

"Қазір облыс орталығында 97 429 ағаш бар. Оның шамамен 60 мыңы осыдан 10-40 жыл бұрын егілген. Тағы 19 мың ағаштың "жасы" 40 жылдан асады. Ал соңғы онжылдықта салынған көшеттердің саны – 18,5 мың. Түгендеу барысында олардың жағдайына да талдама жүргізілді. Белгілі болғандай, 97 мыңнан астам ағаштың 47 мыңы ғана сау", – дейді Асайын Байханов.

Биыл облыс орталығының аумағында 20 мың көшет отырғызылмақ. Оларды егіп, күтіп-ұстау үшін бюджеттен 777 млн теңге қарастырылып отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу