Павлодар облысында құрғақ шөп жанып, өрт орманшылық аумағына өтті

Қызыл жалыннан елді мекендерге қауіп жоқ.  

Павлодар облысында құрғақ шөп жанып, өрт орманшылық аумағына өтті Фото: pavlodarnews.kz

Бүгін Павлодар облысының ауылдық аймағында екі дала өрті болып, тілсіз жау орманшылық алқабына өтті. Қазіргі уақытта мамандар қызыл жалын шарпыған аумақ пен одан келген залал көлемін анықтауда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Алдымен сағат  8.54-те Айнакөл ауылынан 5 шаөқырым аумақта үш жерде құрғақ шөп өртенді. Ошақтардың аумағы – 10, 35 және 45 гектар. 

"Өрт жануарлар дүниесі және орман шаруашылығын қорғаудың Павлодар мекемесінің аумағындағы 22, 26 кварталға өтті. Нақты көлем әзірше анықталған жоқ. Отты ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 28 қызметкері, 5 арнйы көлігі мен үш суда жүзу құралы, орманшылықтың 6 жұмысшысы, жергілікті әкімдіктің 13 қызметкері мен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің 6 өкілі жұмылдырылды", - деп хабарлайды Ақсу қалалық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қанат Түсіпбаев. 

Сондай-ақ, сағат 11.22-де М.Омаров ауылының округінде Ертіс өзенінің жайылымында да құрғақ шөптің отқа оранғаны туралы хабар келіп түсті. Бұл аумаққа үш өрт сөндіруші, жергілікті өрт сөндіру бекетінің төрт өкілі жіберілді. 

Жалпы, Павлодар облысында биыл күннің әдеттегіден ерте жылынуына байланысты өрт қауіпті кезең де екі апта бұрын, яғни 5 сәуірде басталған болатын. Бұған дейін шаруашылық басшыларына, қарапайым тұрғындарға орман аумақтарында өрт қоюға болмайтыны ескертілгенімен, кейбір тұрғындар ережелерді елемей отыр. Әсіресе, шаруалар жаңа шөптің бітік шығуы үшін қасақана от қойып жатады. Алайды бүгінгі дала өртінің шығуына кім кінәлі, нақты не себеп болғаны әзірше белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу