Павлодар облысында құс тұмауына байланысты карантин жарияланды

722

Мамандар инфекцияны таратпау бойынша жұмыстарды қолға алды.

Павлодар облысында құс тұмауына байланысты карантин жарияланды

Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Березовка ауылындағы бір үйдің құстары қырылып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

3 қазан күні осы елді мекен тұрғыны Воскресенка ауылдық округіндегі ветеринарлық пункт меңгерушісіне соңғы үш күн ішінде 42 қаздың қырылғанын айтқан. Кейін тиісті сынамалар алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ветеринарлық референттік орталыққа жіберілді. 8 қазан күні сынақ нәтижесі құстардың жоғары патогендік тұмауға шалдыққанын растады. Ауру ошағында бірден карантин енгізіліп, мамандар құстарды мал қорымында жақты.

Облыстық ветеринария басқармасының болжамы бойынша, 42 қазға құс тұмауын көгершіндер жұқтыруы мүмкін. Себебі оған дейін осы ауладан өлі көгершіндер табылған.

"Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ қызметкерлері инфекцияның әрі қарай таралмауы үшін тиісті жұмыстарды атқаруда. Тұрғынға құстардың өтемақысы төленеді. Жалпы Березовка ауылында барлығы 85 аула бар. Оның 36-сының иелері 620 тауық, 186 үйрек пен 300 қаз ұстайды", – деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы.

Еске сала кетейік, өткен жылы қыркүйек айында Павлодар облысында құс тұмауына байланысты тағы да карантин жарияланған болатын. Сол тұста осы Тереңкөл және көршілес жатқан Железин аудандарындағы ауылдардан вирус анықталды. Тұрғындарға 83 млн теңге өтемақы берілді. Ал биылғы өтемақының көлемі тиісті зерттеу жұмыстарынан соң белгілі болады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу