Павлодар облысында құтқарушылар қаза тапқан аумақтағы үйлер сүріле бастады

Үй иелеріне өтемақы төленді.  

Павлодар облысында құтқарушылар қаза тапқан аумақтағы үйлер сүріле бастады Фото: tengrinews.kz

Өткен жылдың қаңтар айында Майқайың кеніші маңында төрт құтқарушы отырған автобус шұңқырға құлап түскен еді. Енді сол аумақтағы баспаналардың тұрғындарына да қауіп төніп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Алтын өндіретін кеніштен небәрі 300-400 метр аралықта Шанхай деген шағын аудан бар. Былтыр бұл аумақта құтқарушылардың көлігі опырылып түскен аумаққа құлаған соң мұндағы тұрғындар да секем алып қалды. Оған қоса, қайғылы жайттан соң елеулі дүмпуді сезді.

Сондықтан олар да бір күні үйлері құлап түсе ме екен деп қауіптенеді. 

Көпшілікті қауіпті аймақтан көшіру мәселесі тамыз айында Павлодар облысының әкімдігі мен Майқайың кенішінің жаңа қожайыны – "Алтыналмас" компаниясы арасында жасалған меморандумда қамтылды. Бұл келісімге сәйкес, жаңа инвестор кенттің дамуына 4,6 млрд теңге көлемінде инвестиция құймақ. Оның бір бөлігі осы Шанхай шағын ауданы тұрғындарын көшіруге жұмсалады. 

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, бүгінде "Алтыналмас" компаниясы 76 үйдің 56-сын сатып алды.  

"Мұндағы баспананың бір шаршы метрі 89 мың теңгеге бағаланды. Егер үйдің шаруашылық ғимараттары болса, қосымша ақы берілді. Өзге үйлердің құжаттары дұрыс болмағандықтан, әзірше келісім жасау мүмкін болмай отыр. Тиісті құжаттар реттелген соң олар да сатылып, иелеріне өтемақы беріледі", – деді аудан әкімі. 

Осы уақытқа дейін қауіпті аймақтағы 40-қа жуық үй сүрілді. Алдағы уақытта өзге адамдар бұл үйлерде тұрмас үшін осындай шешім қабылданды. Белгілі болғандай, қазіргі қауіпті аймақтағы баспаналар бір кездері бос тұрған. Кейін оған адамдар қоныстанып, жекешелендіріп алған.

Осындай жағдай қайталанбас үшін баспаналардың барлығы бұзылды. Мұнда жаңадан құрылыс жұмыстары жүргізілмейді де. Тек санитарлық аймақ заңға сәйкес ретке келтіріледі. 

Ал компаниядан өтемақы алған азаматтардың 90%-ы сол кенттің ішінен басқа баспаналарды сатып алды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу