Павлодар облысынан қыркүйек-қараша айларында күзгі әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы 800 адам шақырылады. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Қорғаныс күштері бөлімдері мен мемлекеттік күзет, ҰҚК шекара қызметі қатарын толықтыратын 800 сарбаздың 200-ге жуығы ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне, 300-і Ұлттық Гвардияға, 300-і ҚР Қарулы күштеріне және 20 шақтысы мемлекетті қорғау қызметіне барады. Биылғы жылы көктемде 830-дан астам жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған", - дейді Нұрбол Зейнелов.
Ведомство бастығының айтуынша, әскер қатарына шақыру науқаны мен медициналық тексеру бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментте тікелей желі жұмыс істейтін болады.
68-31-80 нөмірі бойынша тұрғындардың тарапынан түскен сауалдарға жауапты тұлғалар мен мамандар жауап береді. Әскер қатарына шақырылушыларды әскери бөлімшелерге іріктеу барысында олардың мамандықтары ескеріледі және әскери бөлімшелерді жинақтау эксаумақтық қағида бойынша жүзеге асырылады.
2-қыркүйектен бастап жұмысына кіріскен медициналық комиссия болашақ сарбаздардың арасында қосымша тексеру жүргізіп, гепатит, туберкулез ауруларына шалдықпағанын және есірткіге тәуелді ме екенін анықтау мақсатында тестілеуден өткізеді. Қандай да бір дертке байланысты әскери міндетін өткеру мерзімі кейінге шегерілгендер жарты жылдың ішінде емдеу курсынан өтуі тиіс.
Айта кетерлігі, биыл еліміз бойынша 1990-1999 жылдары туған 16 мың адам әскер қатарына шақырылады.