Павлодар облысында қызылша ауруы өршіп тұр

475

Бүгінде 10 бала жұқтырған.

Павлодар облысында қызылша ауруы өршіп тұр Фото: inbusiness.kz

Тамыз айында қызылшаға күдікпен 11 бала жүгінген, оның он жағдайы расталған. Қызылша ауруына шалдыққан ең кішкентай пациенттің жасы - 1 жас 4 ай, деп хабарлайды  Inbusiness.kz Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.

"Балалардың барлығы ауруды жеңіл түрде өткізді. Бүгінгі күні олар өздерін орташа сезінеді. Емдеу хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Қызылша ауруымен стационарда шамамен 7-10 күнге дейін жатады", деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы. 

Қызылша – бұл инфекциялық ауру, ол ауа-тамшылы жолмен беріледі және 100% жұққыштығы бар, яғни екпе алмаған және ауырмаған адамдардың науқаспен байланысы кезінде қызылшаны жұқтыру мүмкіндігі өте жоғары.

Вакцина алмаған балаларда қызылша аса ауыр дәрежеде өтеді: дене қызуы 39-40С-қа дейін жоғарылайды, айқын әлсіздік байқалады, тіпті су ішуден де бас тартады. Басынан басталған бөртпе кезең-кезеңмен төменнен жоғарыға қарай таралады. 

Қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ, тек симптоматикалық: қызуды төмендететін дәрі-дәрмектер, бактериялық инфекция қосылған кезде антибиотиктер және т. б.қолданылады. 

Қызылша диагнозымен ауруханаға жатқызылған пациенттер инфекциялық стационардың қабылдау бөлімшесіне жүгінген сәттен бастап жеке бокста қаралады және ауруханаға жатқызу кезінде көше жақтан жеке кіреберісі бар Мельцер боксына оңаша жатқызылады.

Сондай-ақ, жіті склерозды панэнцефалит –  қызылшамен ауырғаннан кейін пайда болатын ең қауіпті асқыну болып табылады. Бұл қызылша вирусы туғызған баяу дамитын инфекция. 

"Павлодар облысында осындай қауіпті дерті бар екі бала анықталды. Қызылшамен ауырғаннан кейін бұл сырқат сегіз жыл уақытқа дейін пайда болуы мүмкін. Сырқат алдымен мінез-құлық бұзылыстарымен айқындалады, кейін қозғалыс, көру қабілеттері әлсірей бастайды. Жағдайлардың 80%-да жіті склерозды панэнцефалит 1-3 жылға созылады және өліммен аяқталады", – деді басқармада.  

Сырқаттың алдын алу үшін балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау қажет. Павлодар облысының сантиралық эпидемиологиялық департаменттің хабарлауынша, маусым айында қызылшаға қарсы екпе алғандардың саны - 827, ал бір жастағы балалар саны - 675. Шілде айында 953 адам екпе алса, 766 бір жастағы балалар екпе салдыртқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу