Павлодар облысында майлы дақылдарды қайта өңдеу жолға қойылады

121

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында егін жинау науқанын өзі бақылады.  

Павлодар облысында майлы дақылдарды қайта өңдеу жолға қойылады Фото: t.me/Agropresskz

Министр ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметімен және әлеуеті жоғары инвестициялық жобалардың іс жүзіндегі жұмысымен танысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сапар бағдарламасына енгізілген негізгі нысандардың бірі – "Корн Агро" ЖШС, мұнда қазіргі уақытта картоп жинау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның егістік жер көлемі 3,5 мың гектар, оның ішінде 1 200 гектары – суармалы алқаптар.

Биыл шаруашылық 1 000 гектарға жуық картоп және 200 гектар сәбіз еккен. Картоптың өнімділігі – гектарына 350 центнер, сәбіздің өнімділігі – 500 центнер.

Алдағы жылдары картоп егілетін алқапты қосымша 2 000 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бұл шара өндіріс көлемін арттырып, Павлодар облысын елдегі көкөніс өнімдерін өндіру бойынша жетекші өңірлердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Соңғы екі жылда "Корн Агро" бірқатар инвестициялық жобаларды іске асырды.

Атап айтқанда: 1200 гектардан астам жерге су алу және суару жүйелері салынды; жалпы сыйымдылығы 22 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймалары пайдалануға берілді; қоймалар соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген; су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында төрт "Bauer" жаңбырлатып суару машиналары сатып алынды.

Қазіргі уақытта кәсіпорын қуаттылығы 12,8 мың тонна болатын үшінші көкөніс қоймасын салуды бастаған.

Министр сондай-ақ дәнді және майлы дақылдарды қабылдау, кептіру және сақтау саласында маманданған "Group KSM" ЖШС қызметімен танысты.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты – 37 мың тонна өнім. Айдарбек Сапаров өңірдегі күнбағысты терең өңдеу және өсімдік майын өндіру бағытындағы алғашқы жобалардың жүзеге асырылу барысын да көрді.

Айдарбек Сапаров өңірдегі күнбағысты терең өңдеу және өсімдік майын өндіру бағытындағы алғашқы жобалардың жүзеге асырылу барысын да көрді.

Бұл кәсіпорындар "егістен – дайын өнімге дейін" толық өндірістік тізбекті қалыптастырып, өнімнің қосылған құнын арттыруға және өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашады.

Мәселен, "Jielong Holdings (Kazakhstan)" ЖШС экстракциялық әдіспен күнбағыс майын өндіру зауытын салу жобасын іске қосты. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 120 мың тонна шикізат және 50 мың тонна дайын өнім. Жобаның жалпы құны – 20 млн АҚШ доллары. Құрылысты аяқтау 2026 жылдың қазан айына жоспарланып отыр. 

Ал "Кемеңгер-Май" ЖШС жобасы майлы дақылдарды суық сығу әдісімен қайта өңдеуге бағытталған. Кәсіпорын жылына 60 мың тонна күнбағыс дәнін өңдеп, 35 мың тонна тазартылмаған күнбағыс майын өндіретін болады.

Инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Дайын өнім ішкі нарыққа да, көрші елдерге де экспортқа шығарылады.

"Павлодар облысы ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жоғары қарқын көрсетіп отыр. Мұнда тек шикізат өндіру емес, сонымен қатар терең қайта өңдеуді қамтамасыз ететін заманауи өндірістік база қалыптасуда. Мұндай бастамаларды қолдау – министрліктің басты басымдықтарының бірі", – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу