Павлодар облысында макулатураны қайта өңдеу жобасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаның құны 10,8 млрд теңгеге жуықтайды. Жоба "Жасыл даму" АҚ бағыттаған кәдеге жарату төлемдері есебінен қаржыландырылды. Қаражат толық көлемде игерілді.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылуда. Өндірістік цехтардың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар жабдықтарға арналған іргетастарды салу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорын жылына 75 мың тоннаға дейін қағаз қалдықтарын қайта өңдей алады.
Жобаны іске асыру Павлодар облысында макулатураны қайта өңдеу бойынша қосымша өндірістік қуаттарды қалыптастыруға және қағаз қалдықтарын қайта айналымға тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.