Көк мұзда тебінсіз қалған жылқылар күйін жоғалтып, оларды қораға қамауға тура келді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әдетте өңірде Қамбар ата түлігі қысқы уақытта да иен далада жайылып, бағылады. Алайда ақпанның ортасындағы толассыз жаңбырдың соңы қатты аязға ұласып, салдарынан жер бәрін көк мұз басып, жылқылар азықсыз қалды. Қиналған жұрттың жанайқайын бұған дейін жазып едік.
Жергілікті билік тұрғындардың талап-тілегіне орай арнайы өңірлік бағдарлама әзірледі. Ол күйін жоғалтқан төрт түліктің қайта қоң жинауы үшін қосымша астық беруді көздейді. Яғни, шаруалар қазір тұрақтандыру қорынан астық алып, оны осы жылдың 1 қарашасына дейін дәл сондай сападағы әрі көлемдегі астықпен қайтарып бере алады. Не болмаса, бағасын толық көлемде қандай да бір пайыздық үстемеақысыз қайтаруы тиіс. Тек ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасынан көшірме, сондай-ақ, шаруа және фермер қожалықтарының басшыларының нотариалды куәландырылған несиені қайтару туралы кепілдіктерін тапсырса жеткілікті. Бұл ретте жемнің көлемі базада көрсетілген мал санына сай есептеліп беріледі.
"Азықтың әр малға арналған нормативті көлемі бар. Бір қара малға күніне 3,1 келі, жылқыға 3 келі, қойға 300 грамм жем керек. Бұл көлем көтерем болып тұрған мал басына көбейтіліп, шаруаларға үлестіріледі", - дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.
Аймақта ірі қара, жылқылар жайылымға сәуір айының ортасынан бастап шығарылады. Демек, мал ұстап отырған ағайын шамамен екі айға жететін жем ала алады. Ол үшін "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасалады. Соған сәйкес, шаруалар астықты Павлодар қаласы мен Ертіс ауданындағы элеваторлардан ала алады.
"Өңірлік бағдарлама басталғалы 20-дан астам өтініш қабылданды. Өтініш иелері астықты қажетті көлемде облыс орталығындағы элеватордан тоннасын 69 мың теңгеден, Ертіс ауданындағы элеватордан 67 мың теңгеге ала алады", - дейді "Павлодар" ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов.
Төрт түлікті жем-азықпен қамту мәселесін жергілікті жерлерде құрылған жедел штабтар бақылауға алуы тиіс.