Павлодар облысында криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі адамды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция мәліметінше, күдіктілер Май ауданында арнайы операция барысында ұсталған. Олардың автокөлігін тексеру кезінде қылмысқа қатысты заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді.
Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азат Құсайыновтың айтуынша, келтірілген шығын көлемі 1 млн теңгеден асады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция тұрғындарды мал жаю кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға және күмәнді жағдайлар байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.