Павлодар облысында мәслихаттарға 189 депутат сайланады

Әзірше бес кандидат ұсынылды.

Павлодар облысында мәслихаттарға 189 депутат сайланады Фото: Есенжол Исабек

Павлодар облысында 19 наурызда өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауалды дайындығы басталып кетті. Өңірде сайлау комиссиялары құрылып, жұмысқа кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыс аумағында барлығы 710 сайлау комиссиясы құрылды. Оның қатарында 14 аумақтық, 173 округтік және 523 учаскелік комиссия бар.

Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының Жарлығына сәйкес, Павлодар облысында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша №23 бірмандаттық сайлау округі бойынша шекаралар анықталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша, сайлаушылардың ең көп қолдауына ие болған кандидат Төменгі палатаға жолдама алады. Қазіргі уақытта үміткерлерді ұсыну процесі жүріп жатыр. Әзірше Мәжіліс депутаты атануға облыстан бір азамат ниет білдірді.

Ал облыстық мәслихат пропорционалдық-мажоритарлық, аудан-қалалық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша жасақталады.

"Алдағы сайлауда әр түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат таңдалады. Облыстық мәслихатта 32 мандат болса, оның 16-сы мажоритарлық жүйе  бойынша сайлау округтерінде сайланады. Тағы 16 депутат партиялық тізім бойынша өтеді. Сонымен қатар, өңірдегі үш қала мен 10 аудандағы 157 сайлау округінде депутаттар құрамы мажоритарлық жүйе арқылы таңдалады", - деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова.

Атап өтерлігі, осы уақытқа дейін аудандық және қалалық мәслихаттарға 5 кандидат ұсынылды. Бұл процесс 8 ақпанға дейін жалғасады. Өзін-өзі ұсынатын үміткерлер округтік сайлау комиссиясына өтініш, автобиография мен жеке куәліктің көшірмесін беруі керек. Комиссия оның азаматтығын, өтелмеген сот жазасы бар-жоғын тексерген соң кандидаттың заң талаптарына сай келер-келмесіне қатысты қаулы қабылдайды.

Ал 18 ақпанға дейін үміткерлерді тіркеу жүргізіледі. Тіркеуден өткен кандидаттарға 18 ақпан мен 18 наурыз аралығында үгіт-насихат шараларын ұйымдастыруға рұқсат беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу