Павлодар облысында мектеп толығымен жанып кетті

Оны қалпына келтіруге де келмейді. 

Павлодар облысында мектеп толығымен жанып кетті Фото: ТЖМ

Павлодар облысының ауылдық мектебі тұтасымен қызыл жалынға оранып, балалар білім алатын ғимаратсыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бүгін сағат 9.00 шамасында Ертіс ауданы Бұланбай ауылында 2010 жылы салынған бір қабатты мектептен өрт шықты. Өкінішке қарай, тілсіз жау оқу ордасын түгелдей шарпыды. 

"Бүгін таңертең кезекшінің пультіне Ертіс ауданы Бұланбай ауылында орналасқан жалпы білім беретін мектеп ғимаратында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары дереу жіберілді. Мамандар 130 шаршы метр алаңында өртті жедел түрде жойды. Өрттің себебі анықталуда. Ауа райына байланысты сабақтар онлайн режимде өткендіктен, ғимаратта ешкім болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ",  деп хабарлады Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. 

Ертіс ауданы әкімдігінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына жақын тұрған бағананың қысқа тұйықталуы себеп болған. Секундына 20 метрге дейін жететін қатты желдің салдарынан бағанадағы өрт мектеп ғимаратына ауысып, аз уақыт аралығында білім ордасы толығымен жанып кеткен. 

"Мектеп ғимаратын визуалды тексеру өрттің салдарынан ғимараттың толығымен өртеніп кеткенін және қалпына келтірілмейтінін көрсетті", – деп мәлімдеді жергілікті әкімдік. 

Аталмыш мектепте барлығы 20 бала оқиды. Оқушыларды одан әрі орналастыру және оқу процесін ұйымдастыру мәселесін шешу үшін Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов пен Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина дереу елді мекенге барып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. 

Жиын нәтижесінде оқушылардың ата-аналарының өтініші бойынша Бұланбай негізгі мектебінің шәкірттерін осы ауылда орналасқан шағын орталық ғимаратына уақытша орналастыру туралы шешім қабылданды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу