Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесін көтеріп, жалақысын арттырып, бұл салаға білікті мамандарды көптеп тартудың түрлі жолы қарастырылып жатқанымен, өңірде бос жұмыс орындары әлі де бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысында мемлекеттік қызмет саласында барлығы 4 мың 83 штаттық жұмыс орны қарастырылған. Ал іс жүзінде 3 мың 659 адам ғана қызмет атқарып жүр.
"Облыс бойынша бос орындардың көрсеткіші 10%-дан сәл асады. Мұндай статистика соңғы үш жыл бойы сақталып отыр. Кейбір лауазымдар бір және одан да ұзақ уақыт бос тұр. Мұндай жағдай көбінесе тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, құрылыс және сәулет, жер қатынастары бөлімдерінде байқалады", – дейді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері бойынша департамент басшысы Асхат Искендиров.
Жалпы, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41,8 жас, ал орташа еңбек өтілі – 12,8 жыл. Бұл ретте аталған саладағы қыз-келіншектердің үлесі шамамен 70%-ды құрап отыр.