Павлодар облысында миграциялық процестерді бақылау күшейтілді

Өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтары үздіксіз жұмыс істеуде.

Павлодар облысында миграциялық процестерді бақылау күшейтілді Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов көші-қон мәселелері бойынша өңірлік жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты мәселе қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

ҚР ҰҚК шекара қызметі департаментінің бастығы Ғани Бекмырзаевтың ақпаратына қарағанда, 2022 жылдың 21-26 қыркүйегі аралығында Павлодар облысындағы шекара бекеттерінен 35 мың адам өткен. Олардың ішінде 13 мың адам - Ресей Федерациясының азаматтары, 5 мыңы Қазақстан аумағынан кетті.  

Полиция департаментінің бастығы Василий Склярдің сөзіне қарағанда, соңғы бес күн ішінде ХҚКО және көші-қон қызметі бөлімшелеріне келуі туралы ескерту бойынша 388 ресейлік азамат өтініш берген, уақытша тұруға 154 адам көмекке жүгінген. Облыстағы криминогендік жағдай тұрақты.

Сондай-ақ, облыс орталығында үш Халыққа қызмет көрсету орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Павлов, 48 мекенжайы бойынша орталық күшейтілген режимдегі жұмысқа көшті. Адамдардың шамадан тыс көп шоғырлануын болдырмау үшін шетелден келушілер үшін арнайы кезек пен бес қосымша терезе ұйымдастырылған.  

Әбілқайыр Сқақов жағдайды мониторинг жүргізу мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп, барлық мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылын күшейтуді тапсырды.  

"Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша іс-шара қолдану маңызды. Полиция департаменті мен Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментіне өңірдегі заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, келген ресейліктерді уақтылы тіркеу бойынша алгоритм әзірлеу қажет. Ал қалалар мен аудандар әкімдері мигранттар легін реттеуге арналған штабтар құру керек", - деді өңірдің басшысы.  

Облыс әкімі шетелден келгендерге ҚР Заңға сәйкес көмек көрсетілетінін атап өтті. Құзыретті органдарға қонақ үйлер иелерімен, мигранттармен құқықтар мен жауапкершілік жайында түсіндіру жұмыстарын өткізу тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу