Павлодар облысында нәрестелер де коронавирус жұқтырып жатыр

992

Өңірде тұрғындардың тек 46%-ы толық вакцина алған.

Павлодар облысында нәрестелер де коронавирус жұқтырып жатыр Фото: Максим Морозов

Павлодар облысында жүкті әйелдер мен балалар арасында COVID-19 вирусын жұқтыру дерегі артты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, бүгінде өңірде коронавирус жұқтырған 940 адам ауруханада емделіп жатыр екен.

"16 адамның жағдайы ауыр. 6 049 адам үйінде емделуде. Ауруханалар мен жедел жәрдемнің жүктемесі азайған жоқ. Жедел жәрдемге күніне 750-820 аралығында шақыру келіп түсуде", – деді Айдар Сейітқазинов онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Ол коронавирус жұқтыру дерегі балалар мен жүкті әйелдердің арасында көбейгенін атап өтті: 465 жүкті әйел (65 адам ауруханада), 820 бала (102 бала ауруханада).

"Облыстық балалар инфекциялық ауруханасында 2-3 айлық нәрестелер бар. Бірақ жағдайы ауыр балалар жоқ. Көбінесе отбасы мүшелері ауырады. Кейін вирусты нәресте жұқтырады. Деректерге сүйенетін болсақ, 2 жасқа дейінгі сәбилерде коронавирус ауыр өтеді. 2 жастан асқан сәбилердің иммунинеті бар. Сондықтан бала емізетін аналарға бөгде адамдармен байланысқа түсуді азайтуға, бөлмені жиі желдетіп отыруға кеңес береміз", – деді басқарма басшысы.

Айдар Сейітқазинов облыста коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 359 516 (72,24%) адам, екінші компонентін 341 969 (68,71%) адам алған.

Айта кетейік, COVID-19 вирусына қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 60%-ы толық екпе алуы тиіс. Бүгінде өңірде тұрғындардың 46%-ы екпенің қос компонентін салдырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу