Павлодар облысында оқушы қыз жоғалып кетті

Оны 300-ден астам адам іздеп жатыр.  

Павлодар облысында оқушы қыз жоғалып кетті Фото: Instagram.com/poiskoviki_pavlodara_vita

Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласы Бесқауға ауылының тұрғыны Милана Давыдованың үйден шығып, із-түссіз жоғалғанына бір тәуліктен асып кетті. Әзірше іздеу шаралары нәтижесіз болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Милананың әкесі елді мекеннен 15 шақырым қашықтықтағы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Кеше сағат 16.00 шамасында анасы Милананы, тағы екі бауырын алып  демалыс күндерін жұбайының қасында, отбасымен өткізбек болған. Алайда Милана барғысы келмейтінін білдіріп, үйден шығып кеткен. Содан бері оралған жоқ.

Қызды кеше сағат 17.00 шамасында ауылдан 1,5 шақырым жердегі, небары 7 үйі бар шағын бөлімше ауылдан көрген. Содан кейінгі жағдайы беймәлім.

Ата-анасы өз күшімен таба алмаған соң кеше кешкісін тәртіп сақшылары мен төтенше жағдай қызметкерлеріне хабарлаған. Жергілікті "Vita" іздеу жасағының еріктілері, жанашыр жандар да мамандарға қосылды. Бүгінде қызды іздеуге 320-дан астам адам, 38 техника, тіпті тікұшақ жұмылдырылды. Алайда Милана әлі табылған жоқ.

Ол жергілікті мектептің 3-сыныбында оқиды. Бойы - 128-130 см. Көзі қоңыр, шашы сары. Үстінде сары күртеше, ашық жасыл түсті трико, қара етік болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу