Павлодар облысында орман күзетіне арналған тікұшақ зақымданды

141

Бұл ақпаратты "Қазавиаорманқорғау" РМК растады.

Павлодар облысында орман күзетіне арналған тікұшақ зақымданды Фото: kaz.aviales.kz

Павлодар облысында орман алқаптарын қорғау үшін қолданылатын тікұшақтың зақымдану фактісі тіркелді. Қазір оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиға Баянауыл ұлттық паркінің аумағында болғаны туралы мәлімет тараған еді.

Желі қолданушыларының жазуынша, жергілікті қызметкерлердің бірі атыс қаруынан оқ атқан. Оқ тікұшақтың артқы бөлігіндегі тік тұрақтандырғышқа тиіп, оның бетінде тесік пайда болған.

Кәсіпорынның хабарлауынша, 1 қарашада орманды қорғау жұмыстарына пайдаланылатын тікұшақтан зақымдану белгілері анықталған. Дегенмен әуе кемесіне қандай жағдайда зақым келгені әзірге нақтыланбаған.

"Аталған дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарының қарауында. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуге қатысты өзге де мәселелер құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады", – деп мәлімдеді кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тікұшақтың зақымдану себебі мен оқиғаның барлық мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу