Павлодар облысында пиязбен қатар құс еті де қымбаттады

599

Павлодарда пияздың бағасы рекордттық деңгейге жетті. 

Павлодар облысында пиязбен қатар құс еті де қымбаттады Фото: Turkystan.kz

Қазір дүкен сөрелерінде бір келі жуаның ең арзаны 300 теңге тұрады. Кейбір сауда орындарында 360 теңгеге жеткен. Жаңа жылдың алдында ғана келісі 120 теңге болатын. Осы күндері Павлодардың кәсіпкерлік басқармасының мамандары Түркістан және Жамбыл облыстарында жүр. Олар бұл аймақтағы өндірушілерден Тұрақтандыру қорына 100 тонна пияз сатып алмақ. Биыл оңтүстік өңірде қыстың қатты болуына байланысты қоймадағы көкөністің бұл түрінің көбі үсіп кетті. Керекуліктер енді Тәжікстаннан да пияз сатып алуды қарастырып жатыр. 

"Тәжікстаннан пияз сатып алу жөнінде келісім шарттың тетігі жасалып жатыр. Бұл енді биылғы 2023- тің жаңа шыққан өнімі болады. Дәл осы күні пияздың тапшылығы жоқ. Біздің тұрақтандыру қорымызда әлі 228 тонна өнім бар", дейді "Павлодар" ӘКК АҚ басқарма төрағасының м.а. Бек Оразғұлов. 

Сөрелерде құс еті азайып кетті

Павлодарда пияздың тапшылығы әзірге байқалмайды, ал керісінше құс еті сөрелерде азайып кетті. Қазіргі бар өнім өңір халқының 22,3%-ын ғана қамтуға жетеді. Сол себепті оның да бағасы көтеріліп, келісі 1250 теңгеге дейін жеткен. Былтыр өңір шенеуніктері құс етін молынан сатып алып сақтаймыз деп уәде берген. Белгілі болғандай ондай сауда саттық жасалмапты. Өйткені, сақтайтын орын жоқ. Бұрын Қызылжар құс фабрикасында сақтайтын. Кәсіпорын бір жыл бұрын "модернизация жасаймыз" - деп өндірісін тоқтатқан. Әлі қайта іске қосылған жоқ.  

"Біздегі басты проблема құс етін сақтайтын мүмкіндік жоқ. Өздеріңіз білесіздер, "Қызылжар-құс" фабрикасы өткен жылы жабылып қалды. Бұрын солардан сатып алатынбыз. Шығыс Қазақстандық, қазіргі Абай облысының өндірушілермен сөйлескенбіз. Бірақ, олар тоңазыған құс етін жеткізуден бас тартып отыр", дейді "Павлодар" ӘКК АҚ басқарма төрағасының м. а Бек Оразғұлов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу