Павлодар облысында республикалық референдумның азаматтық штабы құрылды

797

Өңірлік штабта 40-қа жуық адам бар.

Павлодар облысында республикалық референдумның азаматтық штабы құрылды

Елімізде 5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтетіні белгілі. Осы орайда павлодарлық қоғам белсенділері Ата Заңға енгізілуі ұсынылған бастамаларды тұрғындарға түсіндіруге кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

1995 жылы бүкілхалықтық референдумнан соң қолданыстағы Конституция қабылданған болатын. Бірақ содан соң басты құжатқа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды тек Парламент мақұлдап келді. Биыл араға 27 жыл салып Ата Заңның баптары қайтадан халық талқысына салынбақ.

Павлодар облысының бір топ азаматы өңір жұртшылығын аталмыш саяси науқанға белсене қатысуға шақырып, үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Осы мақсатта республикалық референдумның азаматтық штабы да құрылды. Оның төрағасы ретінде "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов таңдалды.

"Біздің басты мақсат – тұрғындармен кездесіп, Ата заңға енгізілуі ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын талқылау. Бұл – азаматтық бастама. Штабтың жұмысы бюджеттен, басқа да қорлардан қаржыландырылмайды", – дейді Серік Сәдуақасов.

Бір күннің ішінде штабқа 37 қоғам белсендісі қосылды. Серік Сәдуақасов үгіт-насихат жұмыстарына қатысуға ниетті басқа да тұрғындарды қатарға қабылдауға дайын екенін атап өтті. Осындай штабтар облыстың аудан-қалаларында да құрылмақ.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу