Өңірде өткен жылы 17 мың гектар аумақ өңделсе, биыл бірден 116, 818 мың гектар аумақта шегірткеге қарсы шаралар жүргізілмек. Ол үшін үш мың литрден астам препарат сатып алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтсақ, республикалық бюджет есебінен италиялық прус шегірткесіне қарсы 16,865 мың гектар, облыстық бюджет есебінен саяқ шегірткелерге қарсы 99,853 мың гектар аумақты өңдеу жоспарланып отыр. Көлемнің бірден күрт арту себебін мамандар түсіндірді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Елена Бегімованың айтуынша, шегірткелер әр алты жыл сайын табиғи түрде көбейіп отырады. Осыны ескеріп, биыл оларға қарсы күрес де күшейтіле түспек.
"Зиянкестің биологиялық өсімі барлық республика көлемінде байқалып отыр. Сол себепті өңделетін аумақ та артты. Соңғы рет біздің өңірде шегірткелердің күрт көбейі 2018 жылы тіркелген болатын", - дейді ол.
Оның ішінде үйірлі шегірткелердің дернәсілдеріне қарсы химиялық өңдеу 99 853 гектарда қолға алынбақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 138 млн 736 мың теңге бөлінді.
Қазірдің өзінде италиялық прус түрі Баянауыл, Железин, Павлодар және Тереңкөл аудандарында байқалады. Химиялық өңдеу олардың 2-3 жастағы дернәсілдерінің жаппай таралуына байланысты жүргізіледі. Химиялық өңдеу шараларын өткізу үшін желдеткішті сепкіш, аэрозольді генераторлар дайындалды.
"Өңдеу шараларының тиімділігі 80-85% көлемінде болуы тиіс. Сондықтан шегріткелердің жаппай таралуы болмайды деген болжам бар. Қазіргі салқын ауа райы да қолайлы болып отыр. Зиянкестер әдетте жоғары температурада көбейеді", - деді Елена Бегімова.
Атап өту керек, өңірде 2017 жылдан бері шегірткелі зиянкестермен, ауыл ашруашылығы дақылдарына қауіп төндіретін өзге ағзалармен күрес жұмыстарын үйлестіру жөніндегі тұрақты штаб жұмыс істейді. Штаб құрамында барлық жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және өсімдіктерді қорғау жөніндегі аумақтық органдар бар.