Павлодар облысында шегірткелер көбеюі мүмкін

Сондықтан зиянкестерге қарсы жұмысты күшейту керек. 

Павлодар облысында шегірткелер көбеюі мүмкін Фото: canva.com

Жыл сайын осы мезгілде шегіртке санының күрт көбейіп, егіс алқаптарына зиян келтіретіні бар. Бірақ, мамандардың пайымынша, өңдеу жұмыстарын дер кезінде жүргізген жағдайда олардан өнімге қауіп төнбеуі тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік көшендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекция басшысы Арман Шүйкеновтің айтуынша, өңірдегі фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жойылуының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, аса қауіпті және зиянды организмдер бойынша 3,6 млн гектар алқапқа зерттеу жүргізілген. Соның аясында 116,7 мың гектар жер шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Оның ішінде 16,8 мың гектары итальяндық прусқа қарсы өңделсе, тағы 99,8 мың гектарда саяқ шегірткелерді азайту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ресейдің Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесі маңындағы 55 мың гектар шекаралас аймақ зерттелді.

"Жалпы алғанда, өңірде шегіртке мен басқа да зиянкестерге қатысты фитосанитарлық жағдай тұрақты. Алдын ала болжам бойынша келесі жылы шегірткелердің биологиялық өсімі байқалуы мүмкін. Бірақ, өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізсек, қауіптің бетін сейілтуге болады. Соңғы болжамды бірнеше талдама жасаған соң бере аламыз", – дейді ол.

Одан бөлек, аса қауіпті зиянды организмдер бойынша ауылшаруашылық тауарларын өңдірушілер есебінен шалғын шатырқанатына қарсы 12,8 мың гектарға, дәнді дақылдар ауруларына жол бермеу үшін 7,1 мың гектарға және зиянды организмдерді жою мақсатында 23,8 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Ал арамшөптерге қарсы химиялық отау жұмыстары 369,8 мың гектарға, соның ішінде ресурс үнемдеуші технологиялар арқылы 97,8 мың гектар егіс алқабы өңделді.

Ал қарағайдың қара мұртты қоңызын жою үшін 61 гектар және пепино мозайка вирусы бойынша 7,5 гектар аймақта карантиндік режим енгізілген. Әзірге мұндай вирус түрі Павлодар облысында анықтала қойған жоқ. Сол себепті күзгі зерттеу шараларынан кейін карантиндік режимді алып тастау жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу