Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы күреске 4,5 млрд теңге бөлінді

Бұл – тек бір жылға қарастырылған қаражат.

Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы күреске 4,5 млрд теңге бөлінді Фото: pavon.kz

Павлодар облысының билігі қансорғыштарға қарсы күреске ертерек қамданады. Биыл да мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, жеңімпазбен үш жылдық келісімшарт жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, ұзақ мерзімді келісімшарт жұмыстың жүйелілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаржыландыру көлемі жылына 4,5 млрд теңгені құрайды. 2026 жылы дезинсекциялық шаралар 67 елді мекенді, Павлодар қаласын және облыстың алты ауданын қамтитын болады. Сонымен қатар, 3200 шақырымнан астам Ертіс өзені мен арналарын өңдеу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 52%-ға артық. Мердігер ұйым тапсырмаларды орындау үшін 200-ден астам арнайы техника мен құрал-жабдықты және 200-ге жуық маманды жұмылдырады. Алайда жұмыстың тиімділігі 80%-дан жоғары болмаса, мердігерге қаражат төленбейді. 

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, биылғы дезинсекциялық шаралардың ерекшелігі – жұмыстар көлемінің айтарлықтай ұлғаюы және биологиялық әдістің күшейтілуі. 

"Айталық, әуеден өңделетін алқаптың көлемі 172 мың гектарға дейін жетіп, өзен арқылы өңдеу көлемі 52%-ға ұлғайды. Биологиялық препараттар көлемі 51%-ға артты. Баруға қиындық туғызатын учаскелерді өңдеу үшін қосымша дрондар қолданылатын болады", – дейді басқарма басшысы.  

Дезинсекция жұмыстары үш кезең бойынша жүргізіледі. I кезең: шыбын-шіркей дернәсілдеріне қарсы әуеден өңдеу. Ол үшін аудандарға бөлінген 10 АH-2 ұшақтары қолданылады. Барлығы 448 рет ұшу жоспарланып, 93 мың келі биологиялық препарат қолдану көзделіп отыр. Әуеден өңдеу мүмкін болмайтын жерлер жаяу өңделіп, таяз суларды өңдеу үшін екі ұшқышсыз ұшатын дрон қолданылатын болады. 

II кезең: шыбын-шіркей дернәсілдерін өзен арқылы өңдеу. 2026 жылы 3200 шақырымнан астам Ертіс өзені мен арналары өңделеді, оның ішінде негізгі арнасы 1800 шақырым (10 құю нүктесі арқылы үш рет өңделеді), 1400 шақырым – аудан орталықтары мен Павлодар, Ақсу қалаларының маңындағы жергілікті учаскелер. Май және Железин аудандарындағы арналарға ерекше назар аударылады. Өзен арқылы өңдеуге арналған биологиялық препараттың көлемі 137,1 мың келіге дейін ұлғайды және бұл өткен жылмен салыстырғанда 51 пайызға артық.

III кезең: қанаттанған шыбын-шіркейге қарсы тосқауылдық өңдеу. Тосқауылдық өңдеулер 67 елді мекенді, соның ішінде теміржол көпірінен Усолка бөгетіне дейін Павлодардың орталық жағалауын және шаңғы базасын қамтиды. Жұмыстарға шамамен 200 маман, 150 бүріккіш аппарат, 8 өндірістік түтін генераторы, 16 ыстық тұман генераторы және 4 аэрозольді реттелетін дисперсия генераторы қолданылады.

Барлық препараттар көпкомпонентті және шыбын-шіркейлер үшін төзімділікті тудырмайды. Препараттар Павлодардағы арнайы қоймаға наурыз айының үшінші онкүндігінде жеткізіледі. Оңтайлы ауа райы орнағаннан кейін ғылыми қызметкерлер бекітіліп, мониторинг жүргізу нүктелері айқындалатын болады.

Өңдеу жұмыстарын бастауға тиімді мерзімді анықтау үшін қоршаған ортаның және су объектілерінің температуралық режимі тұрақты бақылауда болады. Ертіс өзені бойынша гидрологиялық болжамды "Қазгидромет" РМК наурыз айының бірінші жартысында ұсынады. Су қоймаларының жұмыс режимі мен табиғатты қорғау мақсатында су жіберу мерзімдері 2026 жылдың сәуір айының бірінші жартысында өтетін ведомствоаралық комиссияның отырысында анықталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу