Павлодар облысында сібір жарасының таралуына кінәлілер жауапқа тартылды

1264

Павлодар облысында сібір жарасының таралуына кінәлілер жауапқа тартылды

Шілде айында сібір жарасы табылған Ертіс ауданында 18 адам жауапқа тартылды. Аудандық ветеринарлық станцияда жүргізілген тексеріс нәтижесінде статистикалық есептің және малға реттік сан берудің дұрыс жүргізілмегені, малды көму ережелері сақталмағаны белгілі болды. Бұған қоса, малға екпе жасалған кезде дәрінің мөлшері дұрыс енгізілмегені және ветеринарлық шараларды уақытылы жасалмағаны анықталды.

Аталған барлық заң бұзушылықтарға сәйкес, Ертіс ауданының ветеринарлық станциясының басшысына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406 бабы 3 бөлімі бойынша 125 АЕК айыппұл салынды. Сонымен қатар, 16 мал дәрігері мен тиісті қадағалау жүргізбегені үшін аудан әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек,  8 шілдеде Ұзынсу ауылының 51 жастағы тұрғыны қолына жара шығып, дене  қызуы көтерілгенін айтып шағымданған. Дәл сол күні сол ауылдағы 31 жастағы әйел де денсаулығына шағымданған. Науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. 17 шілде күні 51 жастағы Бекболат Рахметов сібір жарасынан көз жұмды.

Белгілі болғандай, олар жеген малдың еті 27 маусымда Ұзынсу ауылындағы жайылымда сойылған. Кейін белгілі болғандай, 117 келі ет Ертіс ауданындағы "Майра" дәмханасына өткізілген. Жұқпалы етті жеуі мүмкін деген 95 адам анықталды. Ертіс ауданында 24 адам ауруханаға жатқызылып, 64 адам бақылауға алынды. Павлодар қаласында жеті адам дәрігерлердің бақылауында болды. 16 шілдеде Ертіс аудандық ауруханасында жатқан 24 адам дәрігерлердің бақылауымен ауруханадан шығарылды.
Рavlodarnews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу