Өткен аптада Павлодар облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққандар саны күрт артып, өңір "қызыл аймаққа" енген болатын. Соңғы тәулікте 126 тұрғынның қауіпті індетті жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
COVID-19-ға шалдыққандармен қатар, оған қарсы екпе алғандардың саны көбейіп келеді. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің сөзінше, аймақтың 155 мың тұрғыны екпенің бірінші компонентін алды. Ал 86 мыңнан астам адам екі компонентін де алып үлгерді.
"28 маусым мен 4 шілде аралығында екпе егуге ниеттілер санының 1,6 есеге өскені байқалады. Бір апта бұрын вакцинаның бірінші компонентін 17 мыңнан астам адам қабылдаса, соңғы апта аралығында 29 мыңға жуық адам екпе алды", - дейді Айдар Сейітқазинов.
Бұл ретте медицина қызметкерлері, ұстаздар мен құқық қорғаушылар белсенділік танытуда. Сондай-ақ, еңбек ұжымдары, ірі кәсіпорындар қызметкерлеріне екпе салатын 67 мобильді топ жұмыс істейді. Олар арнайы шақырту бойынша вакцинаны жұмыс орындарында барып салады.
Айта кетейік, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, қызмет көрсету саласының барлық дерлік түрінде жұмыс істейтін мамандар 15 шілдеге дейін екпе алып үлгеруі керек. Әйтпегенде, апта сайын ПТР-тест тапсыруға мәжбүр болады. Сәйкесінше, Павлодар облысындағы шағын және орта бизнес нысандары қызметкерлерінің басым бөлігі апта сайын тестке ақша шығармас үшін вакцина қабылдауға асығуда. Бүгінгі күні екпе кабинеттерінде ұзын-сонар кезек. Тіпті, кейбір мәліметтер бойынша аймақтағы бірқатар емдеу мекемелерінде "Hayat" вакцинасы таусылған.
Тұрғындар белсенділігінің артуына кәсіпкерлердің екпе алғандардың арасында ақшалай ұтыс ойындарын ұйымдастыруы да әсер еткенге ұқсайды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, шоумен Айдар Құрымбаев 26 маусым мен 3 шілде аралығында вакцина қабылдаған азаматтар арасында ұтыс өткізіп, павлодарлық Анастасия Гринченкоға 1 млн теңге бұйырды.
Енді тағы бір кәсіпкер, әйелдер киімі дүкенінің иесі Нұргүл Айғожина 500 мың теңге мен 1 млн теңгені бәйгеге тігіп отыр. Байқауға 4-10 шілде аралығында облыс орталығындағы емханаларда екпе алғандар қатыса алады.
Ажар Дәулетова