Павлодар облысында спортты дамытуға 48 млрд теңге жұмсалмақ

705

Өңірде 2025 жылға дейін дене шынықтыру мен спортты дамытудың бағдарламасы дайындалды.

Павлодар облысында спортты дамытуға 48 млрд теңге жұмсалмақ

Аймақта бұқаралық спортты дамыту және кәсіби спорт түрлерін қолдау мақсатында арнайы жол картасы әзірленді. Оны дайындау барысында спорт ардагерлері, спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, қарапайым тұрғындар тарапынан 200-ге жуық ұсыныс пен өтініш түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабыловтың айтуынша, бағдарламада алты негізгі бағыт пен 37 шара бар.

Олардың қатарында балалар спортын, бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды жақсарту, инклюзивті спортты дамыту мен адами ресурсты арттыру бағыттары бар.

Айталық, алдағы үш жыл аралығында облыста 17 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 мұз айдыны, 4 көпфункциялық спорт кешені, 20 стадион салынбақ. Жалпы, тек күрделі жөндеудің есебінен 200-ге жуық жаңа спорт нысаны бой көтереді. Қазір көпшіліктің пайдаланылуына 3 047 нысан берілген. Олардың 1826-сы ауылда орналасқан.

Бұл ретте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жаңа нысандарды салуда жобаның техникалық талаптарын қатаң тексеру керек екенін айтты.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын миллиардаған демеушілік қаржыға салынған футбол манежінде небәрі 7 метр аумақ ескерілмей қалды. Соның салдарынан жасыл алаң тек жаттығуға жарап тұр. Қазір құрылысы жүріп жатқан жекпе-жек түрлері орталығының төбесіне футбол алаңын салу тіпті қисынға келмейді. Балалар жан-жағы қоршалмаған төбеде қалай доп тебеді? Жарты жыл бойы оның қарын кім күреп, кім тазалайды? Осындай жобалардың іске асуына жол бермеуіміз керек", – деді аймақтың басшысы.

Бағдарламаны талқыға салған спортшылар қауымы тұтастай алғанда жоба-жоспар мығым екенін атап өтті. Тек уақыт талаптары мен тұрғындардың сұранысына сай өзгерістер енгізу керек болатынын еске салды.

Бағдарламаны іске асыру арқылы 10 негізгі көрсеткішті жақсарту көзделіп отыр. Мәселен, қазір облыс тұрғындарының  34%-ы, яғни 255 мың адам спортпен қамтылса, үш жыл ішінде бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізіп, 375 мың тұрғынның бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау жоспарда бар. Сол сияқты бүгінде 14 мыңнан астам оқушы спорттың 20-дан аса түрі бойынша тұрақты түрде шұғылданса, 2025 жылға қарай олардың қатарын 20 мыңға дейін арттыру бағдарламының басым бағыты ретінде белгіленген.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу