Павлодар облысында студент мектеп оқушысына оқ атты

688

Оқ жасөспірімнің сол көз жанарына дәл тиген. 

Павлодар облысында студент мектеп оқушысына оқ атты

Павлодар облысында пневматикалық мылтықтың оғынан жанары жараланған жеткіншек, қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды КТК.

Дәрігерлер сөзінше, оқ жасөспірімнің сол көз жанарына дәл тиген. Полиция қылмыстық іс қозғап, кәмелет жасына толмаған студенттің пневматикалық қаруды қайдан алғанын анықтауға кіріскен.

Сол көзіне оқ тиіп аман қалған 14 жасар Ақжол, есін біліп жатса да болған жайтты баяндап беруге келіспеді. Ата-анасының айтуынша, далада ойнап жүрген ұлына көрші үйдің баласы пневматикалық мылтықтан оқ атқан. Көзін ұстап үйге келген жеткіншектікке жедел-жәрдемді анасы шақыртыпты.

Дәрігерлер шұғыл ота жасағанымен, оқты алып шығу мүмкін болмаған.

"Көз дене мүшесі ретінде сақталған, бірақ көру функциясын атқара ма, жоқ па, оны әзірге айта алмаймыз. Балаға тиісті ем-домның бәрі жасалуда. Ал алдағы уақыттағы жағдайын көз институтының мамандарымен тілдесе шешетін боламыз", – дейді Павлодар облыстық балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы Гүлсара Тәмпішова.

Енді баланың жанарындағы оқты алып шығу үшін Алматыға жібермекші.

"Кәмелет жасына толмаған ер баланың айтуынша, ол пневматикалық қаруды көл жағасынан тауып алған. Осы дәйекке қатысты "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқ атқан студенттің өзі заңды өкілдерімен бірге үйінде", – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Белялова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу