Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы таулы жерде табиғи өрт шықты. Қазір тілсіз жауды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары, Жанатлек және Қаратомар ауылдарындағы ауыл құтқарушыларының посттары, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және "Ертіс Орманы" қызметкерлері, Баянауыл ауылының ерікті құрылымдары, сондай-ақ ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" әуе кемесі жұмылдырылған.
Жұмысқа 80-нен астам адам мен 30 техника тартылды. Өртті сөндіру және іргелес аумақты қорғау үшін үш учаске мен жедел штаб құрылды.
Өртті сөндіру жұмыстары қатты жел, таулы жер бедері және аумақтың жетуі қиын болуына байланысты күрделі жағдайда жүргізіліп жатыр.
Өртті түпкілікті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай ТЖМ бақылауында.