Павлодар облысында тағы бір ауыл карантинге жабылды

910

Елдімекендегі тауықтардан құс тұмауы анықталды. 

Павлодар облысында тағы бір ауыл карантинге жабылды Фото: sputniknews.kz

Облыс орталығының іргесінде орналасқан Павлодар ауылында жоғары патогендік вирустың ошағы бары белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

9 қазан күні ауыл тұрғыны қорасындағы үш құстың қырылып қалғаны туралы жергілікті ветеринарлық пункт меңгерушісіне хабарлады. 11 қазан күні тиісті сынамалар алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринарлық референттік орталыққа жолданды. Сараптама нәтижесі құстардың тұмаудан "арам қатқанын" растады. 3-14 қазан аралығында осы ауыл тұрғынының қорасындағы 31 тауық, 11 қаз бен 22 күркетауық қырылып қалды.

Павлодар қаласының бас ветеринарлық-санитарлық дәрігерінің ұсынуы бойынша ауылда карантин режимі енгізілді. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ мамандары ауру ошағындағы тағы 15 тауық пен 5 қазды утилизацияға жіберді.

Арнайы комиссиясы әр құстың басына төленетін соманы есептеген соң тұрғынға тиісті өтемақы төленеді.

Еске сала кетейік, осыдан бес күн бұрын Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Березовка ауылында да құс тұмауына байланысты карантин жарияланған болатын. Тұрғынның қорасындағы 42 қаз вирусты көгершіндерден жұқтырды деген болжам бар. Ал Павлодар ауылына аурудың қайдан және қалай келгені әзірше белгісіз.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу