Павлодар облысында тағы бір балабақша басшысы қазына қаржысын жымқырды

Бұл – биылғы бірінші жағдай емес.

Павлодар облысында тағы бір балабақша басшысы қазына қаржысын жымқырды Фото: egemen.kz

Павлодар облысында бюджет қаражатын қалтаға басу фактілері тыйылмай тұр. Өңірдегі мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тағы бір басшысы миллиондаған қаржыны өзіне аударып алғаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтыны тілшісі.

Железин аудандық соты "Балапан" балалар бақшасы директорының міндетін ат қарушыны бюджет қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды. Белгілі болғандай, ол 2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың желтоқсан айы аралығында өзінің жеке банк картасының шотына 4 млн 779 мың 228 теңге аударып алған. Бұл ауыр жемқорлық қылмыс болып саналады.

Аудандық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кінәні мойындауы, қылмысты жасағаны үшін өкінуі, сондай-ақ шығынның бір бөлігін өтеуі ескеріліп, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Әйел адамның екі кішкентай баласы бары ескеріліп, жаза үш жылға шегерілді. Яғни, ол үш жылдан кейін ғана темір тордың ар жағына тоғытылатын болады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Павлодар облысындағы тағы бір балабақшаның директоры мен есепшісіне қатысты сот үкімі шыққан болатын. Олардың 7 жыл бойы бюджет қаражатын жеке қажеттілігіне пайдаланып келгені анықталды. Сол аралықта мемлекетке 63 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта балабақша директоры Абай облысындағы түзету мекемесінде жазасын өтеуде. Ал есепшінің бес жасар қызы бары ескеріліп, жазасын өтеу мерзімі бес жылға кейінге шегерілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу