Павлодар облысында тағы бір ферроқорытпа зауыты салынады

1444

Жаңа өндіріс орнының құрылысымен үндістандық компания айналыспақ.

Павлодар облысында тағы бір ферроқорытпа зауыты салынады

"Monnet" компаниялар тобы қуаттылығы жылына 15 мың тонна ферроқорытпаны құрайтын кәсіпорын салуды көздеп отыр. Алғашқы кезеңде бұл іске 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, кейін қуаттылықты 50 мың тоннаға, ал қаржы көлемін 200 млн АҚШ долларына дейін арттырмақ.

Аталмыш компанияның басқарма төрағасы Сандип Джаджодия еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен өткен кездесу барысында дәл осындай жобаны таныстырды. Сонымен қатар қос тарап Павлодар облысы аумағындағы Екібастұз индустриялық аймағында зауытты салу, оны электр энергиясымен және шикізатпен қамту мәселелерін талқылады.

Бірақ облыс тұрғындары тағы бір өндіріс орнының салынуына түбегейлі қарсы. Олар аймақта зауыттардың көп екенін алға тартып, экологиялық жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін ел билігінен кәсіпорын құрылысын бастамауды сұрап отыр.

"Қоршаған ортаның өндірістік қалдықтармен ластануы адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Біз өзіміздің және балаларымыздың денсаулығын сақтап қалғымыз келеді. Сондықтан тағы бір зауыттың салынуына қарсымыз. Облыс тұрғындарының әлеуметтік желілердегі бұл наразылықтарына назар аударылмаса, Мемлекет басшысының атына ашық хат жолдауға тура келеді", – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әсем Жәкенова.

Айта кетейік, бүгінде өңірде ферроқорытпа шығаратын зауыт жұмыс істейді. Еуразиялық топ құрамына кіретін Ақсу ферроқорытпа зауыты жылына 1 млн тоннадан астам өнім шығарып, оны алыс және жақын шетелдерге экспорттайды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу