Павлодар облысында 2022 жылдың соңғы жұмыс күндері тағайындаулар жасалды. Кеше кешкісін облыс орталығының әкімі таныстырылса, бүгін таңертең аймақ басшысының бірінші орынбасары тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
7 желтоқсанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының басым даусына ие болып, Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған Асайын Байханов жылдың соңында бірнеше кадрлық ауыс-түйіс жасады. Бұған дейін Павлодар қаласының әкімі болып тұрған тұста өзінің орынбасары болып қызмет еткен Хасар Хабылбековті облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындады. Оның кандидатурасы Президент Әкімшілігімен келісілді.
1986 жылды туған Хасар Хабылбековтің құқықтану және көлік құрылысы бойынша екі жоғары білімі бар. Техника және технология магистрі.
Еңбек жолын 2008 жылы мемлекеттік емес құрылымдарда бастаған. 2017 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, әр жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Тереңкөл, Шарбақты ауданы, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласы әкімі аппаратының, облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2021 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.
Асайын Байханов Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары алдында тұрған міндеттерді атап өтті. Бірінші кезекте оған Екібастұз қаласына барып, жергілікті жерде тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау жүйесін реттеу, төтенше жағдайдан кейін қаладағы жағдайды жақсарту бойынша жедел әрекет ету жүктелді.
Ал бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Олег Крук өз өтініші бойынша жұмыстан босатылды. Бұған дейін облыс әкімі болған Әбілқайыр Сқақов қызметтен кеткен кезде бірнеше күн облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы болған еді. Ол өңірдегі коммуналдық шаруашылыққа, оның ішінде жылумен қамтуға жауапты болды.