Павлодар облысында тағы бір мектептен өрт шықты (Видео)

632

Білім беру мекемелерінде төтенше жағдай азаймай тұр.

Павлодар облысында тағы бір мектептен өрт шықты (Видео)

Жыл басынан бері Павлодар облысындағы үш мектеп отқа оранып, білім беру мекемелерінің ішін түтін басқан еді. Алайда бұл оқыс оқиғалар қауіпсіздік мәселелеріне жауапты мекемелерге әлі сабақ болмағанға ұқсайды. Себебі бүгін Екібастұз қаласындағы №24 мектептен де өрт шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басқармасының бастығы Сергей Огайдың айтуынша, бүгін сағат 9.57-де мектептегі №102 кабинеттен өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін 40 қызметкерлер мен пропан құйылған баллон сыртқа шығарылды.

"Екінші қабатта жылу желісін дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында оттың ұшқыны бірінші қабаттағы құрылыс материалдарына түскен. Қызыл шалын шарпыған жалпы аумақ – шамамен 40 шаршы метр. Алты минуттан соң өрт ауыздықталып, 10.15-те толық ауыздықталды", деп хабарлады Сергей Огай.

Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Екатерина Гоманның сөзінше, №24 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталды. "Заманауи мектеп" бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ғимарат ішіндегі санитарлық тораптар мен инженерлік желілерді ретке келтіруге "Бектемір", қалған жұмыстарға "ҚазЕвроСтрой" компаниялары жауапты. "Бектемір" қызметкері құбырларды дәнекерлер жатқан кезде "ҚазЕвроСтрой" компаниясы жөндеуге дайындап қойған материалдар отқа оранды. Әзірге шығын көлемі белгісіз.

"Жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 987 бала оқитын №24 мектептің жоғары тобы №13 мектепке, бастауыш сыныптар №23 мектепке ауыстырылған болатын. Өрт шыққан уақытта мектепте балалар болған жоқ. Жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады", деді бөлім басшысы.

Айта кетелік, бұл – "Заманауи мектеп" өңірлік бағдарламасы аясында жөнделген оқу орындарында орын алып отырған алғашқы оқыс оқиға емес. Бұған дейін Павлодар қаласындағы №1 және №28 мектептерден де өрт шыққан еді. Бірақ әлі күнге дейін нақты себептері анықталған жоқ.

Жалпы аймақтағы білім беру мекемелеріндегі өрт қауіпсіздігін тексеру жұмыстары сылбыр жүріп жатқанын байқауға болады.

Төтенше жағдайлар департаменті басқармасы бастығының орынбасары Оразбек Уәлихановтың айтуынша, жыл басынан бері департамент өкілдері 308 оқу орнын тексеріп, 1878 кемшілікті анықтады. Көп жағдайда эвакуациялау талаптары, дабыл сигналын орналастыру ережелері сақталмайды. Сондай-ақ түрлі себепке байланысты 86 мектепті тексеретін мүмкіндік болған жоқ. Олардың 76-cы бұған дейін жеке компаниялардың аудитінен өткен. Сол себепті мемлекеттік мекеме бұл мектептерде тексеріс жұмыстарын жүргізе алмайды.

 

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу