Павлодар облысының Шарбақты ауданында алдағы қараша айында 220 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма ашылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы "Победа" ЖШС-ның директоры Александр Поляков мәлім етті.
"Жабдықтарды сатып алуға 40 млн теңге, құрылыс жұмыстарына шамамен 200 млн теңге жұмсалды. Қазіргі таңда фермадағы ірі қараның саны 780 басты құрайды. Әзірге бізде тек қана өзіміздің сиырлар бар. Келесі жылы сауынды сиыр санын 1000-нан асыруды және малды ұстайтын орын мәселесін реттеп алғаннан кейін асыл тұқымды сиырлар сатып алуды көздеп отырмыз. Шаруашылыққа қажетті құрылғыларды сатып алу үшін "Даму" қоры арқылы 70 млн теңге несие алсақ, қалған сома өз қаражатымыздан құйылады", – дейді Александр Поляков.
Серіктестік басшысының айтуынша, заманауи үлгіде салынған фермаға жылы еден төселіп, автоматтандырылған "Елочка" сауу қондырғылары орнатылады. Даяшылар мен жұмыскерлер үшін жуынатын бөлмелер қарастырылған. Мұнда тәулігіне төрт сағатта 500 бас сиырды сауу мүмкіндігі бар.
"Күн сайын Павлодар қаласындағы "ФудМастер" компаниясына 10 тонна сүт жеткіземіз. Бүгінде шаруашылықта 340 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 76 мың теңге. Механизатор, мал өсіруші және диқандардың еңбекақысы бұдан да жоғары. Бұған қоса, бұл соманы жыл сайын сегіз-он пайызға көтеріп отырамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік пакет ұсыну қарастырылған" – дейді фермер.